Жарияланған күні: 07.12.2024
Ұлттық өнер — құндылығымыз
«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Парасат» мектеп-лицейінде «Ою-өрнек – ұлттық мұрамыз» тақырыбында іс-шара өтті.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер мектебінің «AMANAT» партиясы облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырған тәрбие сағатында қазақ халқының байырғы өнерінің тарихы, мән-мағынасы, рухани, мәдени, эстетикалық, тәрбиелік маңызы, қолдану тәсілдері туралы айтылып қана қоймай, мектеп оқушылары көпшіліктің көзінше қошқармүйіз және тұмарша оюын ойып, шеберлік сағатын өткізді, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
«Аламан» құрақ көрпесі жобасымен Қазақстанның рекордтар кітабына есімдері енгізілген Райхан Сұрағанова мен Ғалия Жакина құрақ құраудың қыр-сырымен бөлісті.
Ардагер ұстаздар мен ақ жаулықты әжелер өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, тағылымды жол сілтеді. Оларға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қызметкері Роза Шәкенова атқарушы хатшының атынан ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға, рухани құндылықтарымыздың сақталуына және болашақ ұрпаққа жеткізілуіне қосқан айрықша үлесі үшін Алғыс хаттар табыс етіп, ардагер ұстаз Қымбат Исманова мен қолөнер шебері Құрметхан Халоктың иығына ақ орамал жапты.