Спирттік ішімдік ішкен 5 жасөспірімге көмек көрсетілді
Солтүстік Қазақстан облысында психикалық денсаулық орталығының мамандары мұғалімдерге аутодеструктивті мінез-құлықтың белгілері бойынша дәріс оқып жатыр.
Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде өткен іс-шараға 130 ұстаз қатысты. Басты мақсат – ақпарат беру.
— Өңір бойынша 2017 жылы 9 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмса, 2023 жылы мұндай — 3, былтыр 2 жағдай тіркелген. Біз суицидті мүлде болдырмау үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Мектептермен, олардың психологтарымен қарым-қатынас орнаттық. Мұндай кездесулер айына екі рет өтеді. Жиындар ата-ана және жасөспірімдермен жеке-жеке ұйымдастырылады, — дейді СҚО психикалық денсаулық орталығының директоры Дәуренбек Бейсенбаев.
Емдеу мекемесі жасөспірімдер маскүнемдігімен де күреседі. Биылғы 10 күннің ішінде психикалық денсаулық орталығына алкогольді ішімдік ішкен бес жасөспірім жеткізілген. Оның үшеуі – ұл, екеуі – қыз бала. Ең кішкентайы 7-сыныпта оқиды.
— Жыл енді басталғанымен, мас болған бес баланы қабылдадық. Яғни бұл бағытта да жұмысты күшейткен жөн. Былтыр бір жылда 12 бала орталыққа түсті. Кей балалардың өздері көмек сұрап келді. Мәселен былтыр күйзеліске түсіп, өзіне қол жұмсау ойы болған 65 бала стационарда ем алды. Тағы 86 жасөспірімге психологиялық көмек көрсетілген. Қазір жағдайлары жақсы, оқуларын оқып жатыр. Негізінен отбасындағы келеңсіздіктерге,эмоционалдық жағдайына қатысты хабарласады. Біздің психологтар тәулік бойы жұмыс істейді, — дейді Дәуренбек Бейсенбаев.
Петропавлда санаторлы-курорттық кешен мен қонақ үй салынуда