СҚО-да түйе мен бұқа құтқарылды
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Уәлиханов ауданында учаскелік полиция инспекторы мен табыншылар жоғалған жылқыларды іздеп жүріп күтпеген жағдайға тап болды. Қарда жүргіш техникамен шыққан олар Селетітеңіз көліндегі адам аяғы жете бермейтін аралға барды. Алыстан қараңдап көрінген мал батпаққа батып, шыға алмай қалған түйе екен.
— Жануар ұзақ жатып, әлсіреп қалыпты. Сол маңайда ботасын ерткен түйе де жүрді. Батпақтан шығарып алдық. Қазір жайылымда жүр. Иесін де анықтадық. Астанада тұрады екен, бірақ ол малын алып кетуден бас тартты, — дейді полиция қызметкері Серік Әмірбеков.
Жоғалған жылқылар да осы аралдан табылды. Бұдан бөлек, бұл жерде «ангус» тұқымды бұқа да жүр екен. Салынған таңбасына қарап полиция қызметкері мен табыншылар жануардың Павлодар облысының тұрғынына тиесілі екенін анықтады. Бұқа бір жылға жақын уақыт бұрын жоғалып кеткен. Иесіне жоғалған түлігінің табылғаны туралы хабарланды. Кейін ол Уәлиханов ауданының тұрғындары мен учаскелік инспекторға алғысын айтып, жануарды алып кетті.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, 11 наурыздан бастап облыста «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полицияның барлық бөлінісі мал ұрлығы фактілерінің жолын кесу және оларды ашу бойынша күшейтілген түрде іске кіріскен. Іс-шараның алғашқы екі күнінде ветеринария саласындағы заңнаманы бұзудың 18 дерегі және жануарлардың еркін жайылымда жүруінің 50 фактісі анықталды.
Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті