Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті
Облыс көлемінде «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасынан бірде-бір мекеме қалыс қалмады. Петропавлдықтар айналаны қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарына кірісті.
Сенбілік барысында мемлекеттік қызметшілер белгіленген аумақта тазалық орнатса, қалалықтар өз аулаларынан қар ерісімен қалған қоқыстарды алды. Қолдарына тырнауыш, сыпырғыш, күрек пен қап ұстаған депутаттар бір адамдай жұмылып, қаланы тазартуға ат салысты.
Сенбілікке қала әкімі Серік Мұхамедиев те қатысты. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңір басшысының тапсырмасымен абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл шара үш айға жалғаспақ.
— Бұл сенбіліктен соң «Таза бейсенбіліктер» өтеді деп жоспарланып отыр. Барша қалалықтарды тазалық шараларына шақырамыз. Бұл біздің қала — ортақ үйіміз. Сондықтан әр тұрғын өз үлесін қосуға тиіс деп есептеймін, — деді қала әкімі.