Петропавл арқылы өтетін Есіл өзені жотасынан асып төгілуде
СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, өңірде су тасқынының алғашқы толқыны еріген қар суының жиналуына байланысты өтеді. Биыл Сергеев су қоймасында бөгеттің жотасынан асып-төгілудің максималды көрсеткіші 97 см болды. Былтыр ол 425 см-ге дейін көтерілген еді. Екінші толқын алдағы 10 күн ішінде Ақмола облысынан өңірге жетпек. Болжам бойынша, былтырғы жағдай қайталанбайды.
— Петропавл су қоймасындағы су деңгейі 794 см-ге жетті. 8 сағаттың ішінде 52 см-ге көтерілді. «Учитель-1», «Учитель-2» саяжай қоғамдастықтарынан 19 адам, оның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың басым көпшілігі туыстарын паналады. Екі адам ғана жатақханаға орналастырылып, тамақпен, қажетті төсек-орынмен қамтылды, — дейді Аслан Ахметжанов.
Маманның айтуынша, жылда 5 мыңға жуық саяжай учаскесі көктемде су астында қалады. Олар «Лесовод», «Учитель-1», «Учитель-2» саяжай қоғамдастықтарында және Заречный кентінің маңында орналасқан. Су келіп жатыр. «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар автожолдың 528 км су басуы ықтимал.
Петропавл әкімдігі тасқыннан зардап шеккендерге екі эвакопункт әзірледі. Қажет болған жағдайда тағы бес мектепке зардап шеккендер орналастырылады.
— Өткен аптада әкім саяжай қоғамдастықтарының төрағаларымен кездесіп, оларға барлық жағдайды түсіндірді және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін көмек туралы хабарлады. Петропавлда 107 саяжай қоғамдастығы бар, 28 мың саяжай учаскесі тіркелген. Оның 7,5 мыңы Есіл өзенінің сағасында орналасқан. Қазіргі таңда тұрғындардың затын қоюға арналған қойма жұмыс істеп тұр, оның күзеті бар. Қауіпті аймақта орналасқан барлық тұрғындар өз мүліктерін сол жерге жеткізе алады. Сонымен қатар, мүлікті тасымалдау бойынша әкімдік көмек көрсететін болады, — дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
СҚО-да медицина мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау өтті