Петропавлда алғаш рет қаз өсіру шаруашылығының фестивалі өтті
Петропавлда алғаш рет «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» атты халықаралық этномәдени түркі фестивалі өтті. Оған «Ауыл» партиясының төрағасы және Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, сондай-ақ Венгрия, Татарстан, Башқұртстан және Қазақстанның аймақтарынан қонақтар қатысты. Шетелдік сарапшылар мен мамандар құс шаруашылығындағы тәжірибе, инновация мен біліммен бөлісіп, қаз өсіру, құрама жем өндіру және қайта өңдеу мәселелерін талқылады.
— Өңірде құс шаруашылығы табысты дамып келеді. 9 құс фабрикасы жыл сайын жарты миллиард жұмыртқа мен 8 мың тонна ет өндіреді. Қазір қуаты 10 мың тонналық жаңа құс фабрикасы салынуда. Біздің шаруаларға қаз өсіру саласына назар аудару қажет, өйткені біздің өңір осы салада жоғары әлеуетке ие. Қаз өсіру және қалдықсыз өндіріс ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болары анық. «Ауыл аманаты» аясында ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға, оның ішінде қаз өсіруге 2,5% ставкамен микрокредит ала алады, — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Фестивальда жетекші құс өсірушілердің қатысуымен жәрмеңке өтіп, шетелдік және жергілікті аспаздар қаздан дайындалған тағамдарды таныстырған кулинарлық байқау өтті. Сонымен қатар этно-фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен концерт, қаз жарысы мен ұлттық ойындар да өткізілді. Бұл халықаралық фестиваль мәдени байланыстарды нығайту, дәстүрлермен алмасу, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда маңызды алаңға айналды.