Облыс тұрғындарының 83 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған
Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық көмектің біріңғай пакеті құрылып жатыр. Ол жайында денсаулық сақтау министрі айтқан болатын. Жоба аясында кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіретін әлеуметтік маңызы бар 13 ауру түрінің тек алтауы ғана қалып, қалған жетеуі МӘМС арқылы емделетін болады. Жоба биыл біртіндеп іске қосылып, 2027 жылы толық қолданысқа енеді.
— Міндетті әлеуметтік медициналық аударымдардын төлеген азаматтар, медициналық қызметтердің кең спектрін алуға құқылы. Мысалы, емдеу, ауруларды диагностикалау, медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлерінің жолдамасы бойынша кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға көріну. Зертханалық аспаптық әдістерді диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін пайдалану, оның ішінде МӘМС шеңберінде дәрілік препараттармен қамтамасыз етумен стационарлық, көмек көрсету кіреді. Медициналық оңалту шарасы да тегін болады, — дейді Петропавл қалалық №1емхана директорының орынбасары Ирина Абрамишвили.
Қазіргі таңда медициналық оңалту бойынша ересектерге тәуліктік стационар облыстың жеті денсаулық сақтау ұйымында ұйымдастырылған. Кішкентай науқастарға үш емдеу орнында қарастырылған. Амбулаторлық тұрғыда 18 жастан асқандарға 10 мекеме қызмет көрсетеді. Олардың қатарында, мемлекеттік ұйымдармен қатар, жекеменшік клиникалар да бар. Қазіргі кезде облыс азаматтарының 83 пайызы медициналық тұрғыда сақтандырылған.