Буллинг туралы хабарламаған мектеп директорлары жазаға тартылды
Мектептерде буллинг фактілері тіркелуде. Өкініштісі, бұл туралы ақпаратты мектептер полиция органдарына хабарлауға асықпайды. Биылдың өзінде буллингті жасырған екі орта білім ордасының директоры әкімшілік жазаға тартылды.
Облыстық прокуратура жасөспірімдер қылмысы туралы арнайы жиын өткізіп, алғашқы тоқсанды қорытындылады. Қадағалау органаның ақпаратына сәйкес, өңірде оқушыны жыныстық қатынасқа тартқан факті де анықталып, күдікті азамат ұсталды. Бұл оқиға Шал ақын ауданында тіркелген.
— Қазір өңір мектептерінде буллинг фактілері туралы хабарлау үшін QR-кодтар орнатылған. Сондай-ақ олар оқушылардың кітаптарында да бар. Сол арқылы қысым көрген жасөспірімдер прокуратура органдарына тікелей хабарлама қалдыра алады. Жыл басталғалы осындай 13 өтініш келіп түсті. Ал былтыр 5 факті тіркелген болатын. Тағы бір айта кететін жайт, қазір жасанды интелект көмегімен балалардың эмоционалдық жағдайы тексерілмек. Мұндай жүйе өңірдегі алты мектеп пен бір балабақшада орнатылған. Яғни, баланың көңіл күйі болмай, агрессия пайда болса, онда мектеп психологына хабар беріледі. Кейін маман онымен сөйлесіп, анықтауы тиіс, — деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар
Айта кеткен жөн. буллинг фактілері туралы жауапты органдарға хабарламаған екі мектеп директоры мен бір мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды.