Жарияланған күні: 16.04.2025
Облыс орталығында Ұлттық кітап күні аталып өтілді
Солтүстік Қазақстанда Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – ұлттық қазына» атты ауқымды оқырман конференциясы өтті. Іс-шарада мәдениет пен әдебиет саласындағы белгілі қайраткерлер, қоғам белсенділері, ақын-жазушылар мен жастар бас қосты.
Солтүстік Қазақстандағы «Кітап – AMANAT» орталығы бүгінде белсенді жұмыс істеп, жастар мен тұрғындарды кітап оқуға тартып келеді. Орталықтың бірегей ерекшелігі – партия кеңсесін классикалық офистен интеллектуалдық хабқа айналдыру арқылы кітапсүйер ортаға ыңғайлы кеңістік ұсыну. Бұл жоба – «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынып, елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында «AMANAT» партиясы филиалының өкілі Роза Шәкенова баяндап, жобаның мақсаттары мен нәтижелерімен таныстырды.
— Кітап оқитын ұлт қалыптастыру – бұл біздің стратегиялық міндетіміз. Жастарды әдебиетке баулу арқылы біз интеллектуалды ұрпақ тәрбиелейміз. Жоба аясында мәдени-ағартушылық орталықтар ашылып, оқырман клубтары құрылуда. Әр орталықта кітапқа арналған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады, — деді ол.
Спикерлер қатарында өңірдің әдебиет, білім, мәдениет саласында еңбегі сіңген тұлғалар сөз алып, кітаптың қоғамдағы рөлі мен рухани құндылық ретіндегі маңызын ерекше атап өтті. Жиын барысында ақындар жыр оқып, жазушылар ұлттық әдебиет туралы ойларымен бөлісті.
Статистикалық деректер де шараның өзектілігін айқындай түседі. Қазақстанда кітап оқитын халықтың үлесі азайып бара жатқанын көрсеткен зерттеулерге сәйкес, еліміздегі тұрғындардың 52,6%-ы мүлде қағаз кітап оқымайтынын мойындаған. Осыған орай жобаның маңыздылығы арта түсуде.Жиын соңында қатысушылар кітапты қоғамның рухани тірегі ретінде дәріптеу қажеттілігін атап өтіп, жобаның аясында алда жаңа кездесулер мен әдеби кештер өткізу жоспарымен бөлісті.