Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті
Облыс орталығында дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесі өтті. Петропавлдағы мемлекеттік органдармен қатар, қаладағы кәсіпкерлік субъектілері сұранысқа ие мамандықтарды ұсынды.
Осы жолғы бос орындар жәрмеңкесі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткізілді. Шараға 20-дан астам жұмыс беруші қатысты.
Іс-шарадан белгілі болғандай, жыл басынан бері өңірде 44 жәрмеңке өтіп, 3 жарым мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 200-ден астам адам екі қолға бір күрек тапты. Биыл жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жыл соңына дейін 168 жәрмеңке ұйымдастырылып, 1500-ге жуық азамат жұмысқа орналастырылады.
Жәрмеңкеге Төтенше жағдайлар департаменті де қатысты. Олар азаматтарды өрт сөндіруші-құтқарушы және жүргізуші қызметтеріне жұмысқа шақырып отыр. Сонымен қатар Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғау академиясына түсу мүмкіндігі туралы ақпарат та берілді.
Жұмыс іздеушілерге ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелер онлайн форматта да өткізіледі. Бұл үшін азаматтар Enbek.kz порталына тіркеліп, өз түйіндемелерін жолдай алады. Жұмыс берушілермен онлайн сұхбаттасу мүмкіндігі де қарастырылған.