Жарияланған күні: 25.04.2025
Петропавлда белсенділер зиратты қоқыстан тазартты
Петропавл қаласында экологиялық бағыттағы «Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясының өкілдері Кеңес одағының батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Александр Владимирович Матвеевтің зиратын тазалап, ретке келтірді.
Александр Матвеев — Петропавл қаласының тумасы. Ұлы Отан соғысында ерлік пен жанқиярлықтың символына айналған батыр. Соғыс басталған кезде майданға аттанып, 34-гвардиялық мотоатқыштар бригадасы сапында Курск шайқасына қатысты. Днепр мен Пруттан өтіп, Польшаны азат етуге үлес қосты. 1945 жылдың қаңтарындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанды.Ұлы Отан соғысынан оралған соң, Александр Владимирович туған қаласының игілігі үшін еңбек етуді жалғастырып, Петропавл қаласындағы ұн комбинатының директор орынбасары қызметін атқарды. Ол 1972 жылы өмірден озып, Петропавлдағы Ескі православ зиратында жерленген.
— Біздің ұйымдастырып жатқан шараларымыз жай ғана аумақты тазарту емес, бұл – сол батырларға деген құрметіміздің көрінісі. Өскелең ұрпақ осындай ерлердің арқасында бейбіт өмір сүріп жатқанын ұмытпауы тиіс. Александр Матвеев – біздің мақтанышымыз, оның есімін мәңгі есте сақтау – біздің борышымыз, – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.