Тепличное ауылының тұрғындарын эвакуациялап жатыр
Петропавлда су тасқыны жағдайы билік өкілдерінің жіті бақылауында болғанымен, одан қауіп сейілмей тұр. Сәуірдің 24-нен 25-не қараған түні Қызылжар ауданына қарасты Тепличное және Прибрежное ауылдарын судан аман алып қалу шаралары күшейтілді. Әскерилер, құтқарушылар, еріктілер және тұрғындардың барлығы елдімекендерде салынған бөгеттерді нығайтты.
Құм толтырылған қаптарды тасып, тілсіз жаудың жолын бөгеуге тырысып бағуда. 2024 жылғы тасқын судан кейін тұрғындарда үміттен гөрі үрей басым. Олар былтырғы су басқан баспаналарын енді жөндеп, тұрмыстарын түзеген кезде тағы да су баса ма деп қорқады.
— Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Кызылжар ауданының Тепличное ауылында алдын ала эвакуация жүргізу туралы шешім қабылданды. Эвакуация 25 сәуір күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Көлікпен тасымалдауға мұқтаж тұрғындар үшін арнайы көлік және жедел жәрдем қызметтері ұйымдастырылады. Қосымша ақпарат алу үшін 87153821201 нөміріне хабарласуыңызға болады,- деп жазылған СҚО әкімдігі таратқан хабарламада.
Уақытша орналастыру үшін эвакуациялық пункттер алдын ала дайындалды. Ол Бескөл ауылындағы №2 орта мектеп пен Петропавлдағы Жұмабаев көшесі, 198 мекенжайындағы жатақхана. Оқиға орнында ТЖ қызметтері, жергілікті атқарушы органдар және басқа да жедел қызметтер жұмыс істеуде.
Прибрежное ауылына апарар жол бірнеше күннен бері судың астында қалған. Тұрғындар қала екі ортаға арнайы техникамен қатынасып жүр. Осындай жағдай Заречный кентінде де орын алды.
Тасқын су Петропавлға жақындады