СҚО-ның 9 ауданы туляремияның табиғи ошағы аймағында тұр
Туляремияны халық арасында «қоян безгегі» деп те атайды. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл да туляремиямен сырқаттану жағдайлары өткен жылдағыдай тіркелген жоқ. Соңғы рет өңірде 2018 жылы бір адам осы қауіпті жұқпалы аурумен ауырған.
Туляремия — жіті инфекциялық, бактериалды этиологиялы табиғи ошақты жұқпалы ауру. Оның белгілері әдетте 3-7 күн өткенде байқалады. Дене қызуы күрт көтеріліп, адамды қалтыратады, бас ауырып, айналып, жалпы әлсіздікке, бұлшықеттердің ауруына, тәбеттің нашарлауына әкелуі мүмкін.
Сырқаттың лимфа түйіндері ұлғайып, тыныс алу, ас қорыту жолдарын, теріні және басқа да мүшелерді зақымдайды.
— Туляремия Francisella tularensis бактерияларынан туындайды, олар сыртқы ортада ұзақ уақыт: суда +13, +15° температурада 3 айға дейін; астықта, сабанда 0° төмен температурада кемінде 6 ай, су жәндіктерінің терісінде +20-25 ° бір айға дейін сақталады. Туляремиядағы негізгі инфекция көзі — жабайы кеміргіштер — ондатрлар, қояндар, су егеуқұйрықтары, сұр тышқандар, атжалмандар, тышқандар және басқалар. Адамнан адамға туляремия берілмейді, — дейді мамандар.
Мамандардың айтуынша, туляремиядан сақтанудың ең тиімді әдісі — иммундау. Вакцинация туляремияның табиғи ошақтарында тұратын, 7 жастан 55 жасқа дейінгі, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және қауіп тобына кіретін адамдар: аңшылар, балықшылар арасында жоспарлы түрде жүргізіледі. Ревакцинация 5 жылдан кейін қайталанады.