Петропавлда экс-депутат сотталды
Петропавлдағы қалалық сотта экс-депутат, «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш» КМК-ны басқарған Павел Булаевқа қатысты сот үкімі шықты. Сотта белгілі болғандай, ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған ол жауапқа тартылды. Мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан сегіз жылға дейін айыру жазасы қарастырылды. Сондай-ақ коммуналдық кәсіпорынның тағы үш қызметкері де сотталды.
Өткен жылдың ақпан айында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен Павел Булаевты қамауға алды. Кейін оның орынбасары Денис Маршалов, заң бөлімінің жетекшісі Руслан Яковенко мен Лев Шакшакбаев ұсталды.
Павел Булаев бұл іске өзінің бұрынғы әйелі Анжелика Булаеваны да тартқан. Оның атына да компания ашылып, осы схема бойынша ақша түсіп отырған. Және экс-жарының атына депозит ашып, бар мүлкін жазып қойған. Осыдан-ақ олардың қатынасы тек қағаз жүзінде ғана үзілгенін көруге болады.
Бұл істе Павел Булаевтың балдызы Юрий Чеканиннің де аты бірнеше рет аталады. Себебі, Анжелика Булаева олардың ашқан алғашқы компаниясы «Техносила СК» ЖШС осы бауырының атына түсірген.
Алты айға жалғасқан сот процессі бүгін аяқталды. Петропавл қалалық соты Павел Булаевті сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның сыбайластары Денис Маршалов, Руслан Яковенко және Лев Шакшакбаев жеті жыл алты айға сотталды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін бұл үшеу үй қамақта болған еді. Сондықтан олар сот залында қамауға алынды.
Анжелика Булаеваның иелігіндегі құны 1,5 млн теңге болатын гараж, қала орталығында орналасқан құны 19 млн болатын дүкен, жалпы құны 94 млн теңге астатын алты пәтер. Құны 27 млн теңгеге жуық болатын шеберхана, бірнеше жер учаскелері тәркіленді. Сондай-ақ, құны 32 млн теңгеден асатын Toyota Land Cruiser 200, РФ Екатеринбург қаласында тіркелген құны 14 млн теңгеден асатын BMW X6, Юрий Чеканиннің иелігіндегі Porsche Macan көлігі де бар. Бұдан бөлек, «Техносила СК» ЖШС тиесілі тиегіші бар екі экскаватор, Foton көлігі, екі КамАЗ, УАЗ 3909 және ГАЗ-53 көліктері тәркіленді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.