Петропавлда «ақылды» бейнекамералар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Бүгінде мектептердегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғары технологиялық шешімдер қолданылады. Атап айтқанда, Петропавл қаласындағы 9 білім беру мекемесі мен Есіл ауданының Явленка ауылындағы №3 мектеп жасанды интеллектпен жабдықталған «PROTECTOR AI» бейнебақылау жүйесімен қамтылды.
Бейнеанализ жүйесінің алгоритмі балалардың агрессивті әрекеттерін автоматты түрде анықтап, бірнеше секунд ішінде мектеп директорына хабар береді. Қажет болған жағдайда директор учаскелік инспекторға немесе «102» арнасына дереу хабарласады.
Бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект жұмысына байланысты бірде-бір шақыру тіркелген жоқ. Полицейлер бұл жаңашылдықты қолданыстағы әдістерді толықтыратын тиімді құрал ретінде оң бағалауда.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылған мектептердегі бейнебақылау жүйелері құқық қорғау органдарына жағдайды қашықтан бақылауға, ал ювеналды полиция қызметкерлеріне тексеру барысында қажетті жазбаларды көруге мүмкіндік береді.