Жарияланған күні: 17.06.2025
Жамбыл ауданында республикалық айтыс өтті
Қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Сөз зергері – Сәбит» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл сайыс сөз өнерінің хас шебері, қазақ әдебиетінің алтын қорына есімі алтын әріптермен жазылған қаламгердің 125 жылдығына арналды.
Айтысты Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов салтанатты түрде ашты. Ол Сәбит Мұқановтың бұл өлкемен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті.
— Сәбит Мұқанов – Жамбыл ауданының төл перзенті. Біз бұған әрдайым мақтанамыз. Оның әдеби мұрасы – тек тарих қана емес, халықтың жанын, рухын бейнелейтін асыл қазына. Бүгінгі айтыс – сол мұраның жалғасы, сөздің әлі де қоғамды біріктіретін, шабыттандыратын, дәуір үнін жеткізетін күш екенін дәлелдеп отыр, — деді Азамат Бектасов.
Айтыс еліміздің рухани өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді, ал партия оның дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыр. Биыл бұл Солтүстік Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізілген үшінші айтыс. Аудандық мәдениет үйінің сахнасы бұл күні нағыз сөз алаңына айналды – 11 облыстан келген 12 дарынды ақын үздік атану үшін бақ сынады.

Аламан доданы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Қазылар алқасының төрағасы – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында Жанарбек Әшімжан, Қойлыбай Асанов, Серік Қалиев және Дәстен Баймұқанов сынды сөз өнерінің майталмандары болды.
Тартысты әрі әсерлі өткен жыр додасының нәтижесінде бас жүлдені солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпархан жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.