Жарияланған күні: 18.06.2025
Петропавлдағы мектептің төбесі опырылып кетті
Петропавлдағы №9 орта мектебінде аттестат тапсыру салтанаты өтті. Түлектер үшін маңызды күні орта білім ордасының акт залында төтенше жағдай орын алды. Бөлмедегі төбенің плиткасы опырылып түсті.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, оқиға болған сәтте залда 100-ге жуық адам болған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Жиын бірден тоқтатылып, іс-шара мектеп ауласына ауыстырылып, сценарий бойынша жалғасқан.
Қазіргі уақытта жағдайдың себебі анықталып жатыр. Білім басқармасының берген мәліметінше, акт залында жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізілген. Оқиға орнында арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті акт жасалып, қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатын болады.