Санитар дәрігерлер 47 су айдынын бақылауға алды
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 47 көл мен өзенді бақылауға алды. Мамандар тұрғындар жиі демалатын орындардағы судың сапасын тексермек.
Белгілі болғандай, өткен жылғы су тасқынына байланысты демалыс орындарының бесеуі бүгінде тоқтап тұр. Олар: Қызылжар ауданы Абакшинодағы 4 демалыс базасы және Петропавлдың Есіл өзенінің жағасындағы қалалық жағажай.
Санитар дәрігерлер су айдындарының жағдайына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп, барлығы 338 су сынамасы алынып, зерттелді. Оның ішінде микробиологиялық, санитариялық-химиялық, вирусологиялық зерттеулерге, паразитологиялық көрсеткіштерге, және тырысқақ вибрионына сынама алынды.
Зерттеу нәтижелері бойынша, тұрғындар демалатын су айдындары қауіпсіз, стандартқа сай келмейтін су сынамалары анықталған жоқ.
— Аумақтық басқармалармен кәсіпкерлік субъектілерімен кездесулер ұйымдастырылып, халықтың жазғы демалыс және қоғамдық тамақтану орындарын дайындау, сондай-ақ, су айдындарындағы халықтың жаппай демалатын орындарында санитариялық ережелер талаптарын сақтау бойынша жұмыс жүргізілді. Су айдындарының сапасы шомылу маусымы аяқталғанға дейін бақылауда болады, — дейді департамент мамандары.
СҚО түлектерге «Алтын белгі» табысталды