«Солтүстік Қазақстан» газеті Президенттің Алғыс хатына ие болды
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын төл мейрамдарымен құттықтап, бірқатар төртінші билік өкіліне мемлекеттік марапаттарды табыстады.
– Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекетімізде ауқымды өзгерістер жасалуда, маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызды жаңғырттық. Мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін өзгертетін тарихи қадамдар жасадық. Елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Өкілді биліктің құзыреті күшейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі артты. Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Билікке саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау ісіне белсене араласатын болды. Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни, өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыздың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізілген реформалар экономика саласында да өз жемісін беріп жатқанын атап өтті.
– Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда, өткен 5 айда ұлттық экономикамыз 6 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі де 6 пайызға жуықтады. Жалпы соңғы бес жылда еліміздің ішкі жалпы өнімі 182-ден 286 миллиард долларға жетті. Біз бұған экономиканы әртараптандыру арқылы қол жеткізіп келеміз. Бүгінде түрлі салада осындай оң өзгерістер болып жатыр. Ең бастысы, ұлттың болмысы өзгере бастады. Елде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Жас ұрпақ «Адал азаматқа» тән қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп жатыр. Заң үстемдік құруы үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы нағыз халықтық жобаға айналды. Азаматтарымыз табиғаты таза елдің ниеті де таза деген ұстанымды жан-жақты насихаттап, ортақ іске белсене атсалысуда. Осылайша, Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Өйткені таза болу, бұл – ниеті де, ісі де таза болу деген сөз. Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады. Түптеп келгенде, билік те, баспасөз де ел игілігіне қызмет етеді. Еліміздің мақсаты – биік, бағдары – айқын. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Өркениетті және Таза Қазақстанды құру, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақырылғанына назар аударды.
– Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандары ортамызда отыр. Сіздер ұлттық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қостыңыздар. Тілшілердің тұтас буыны өздеріңізге қарап өсті. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Қай салада болсын, адал еңбек лайықты бағалануға тиіс. Бұл – бәріміз бірге құрып жатқан әділетті қоғамның мызғымас ұстанымы, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрге сай журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. Сонымен қатар медиа саласының өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.
Марапатталғандардың қатарында «Солтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы да бар. Президенттің қолынан Алғыс хатты басылымның бас редакторы алды.