СҚО мектептерінде тыйым салынған сайттар қолжетімді болған
Облыстың 74 мектебінде тыйым салынған сайттар қолжетімді болған. Ғаламтордағы еркіндікті пайдаланып келген білім ошақтарын прокуратура қызметкерлері анықтады.

СҚО прокуратурасының мәліметінше,Ғ. Мүсірепов, Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының жалпы білім беретін мекемелерінде өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Белгіленген нормаларға қарамастан 74 мектепте кәмелетке толмағандарды өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен күш қолдануға итермелейтін материалдар бар тыйым салынған сайттарға еркін қолжетімділік болған.
Бүгіндері 74 мектептің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
— Барлық аталған білім беру мекемелерінде тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды», – деп жазды әлеуметтік желіде прокуратура өкілдері.
Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда олардың заңды өкілдері немесе өздері облыстық прокуратураның сенім телефонына хабарласа алатынын еске салады: 8 (7152) 36-03-59.

