Заңсыз қоқыс полигоны жабылды
Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылы маңында заңсыз пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жабылды. Қоқыс төгетін орын елді мекен маңында бірнеше жыл бұрын заңсыз пайда болып, оған жақын маңдағы он шақты ауыл тұрмыстық қалдықтарын төгіп келген.
Талап бойынша қоқыс полигоны орманнан – 300, егістік алқабынан – 250 метр, елді мекеннен 1 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда мұның бірі де сақталмаған. Бескөл ауылдық округіне қарайтын 4 га аумақ бүгінде қоқысқа толған. Жиі өртеніп, жаман иіс шығатын полигонның зардабын жақын маңдағы ауылдар тартып келді.
Сондай-ақ рұқсатсыз пайда болған қоқыс орны Петропавл қаласы әуежайының 13 км аумағында орналасқан.
– Жер учаскесі ауылдық әкімдіктің балансында. Оның қоқысқа толуына және рекультивация жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бұл полигонға қоқыс тастауға тыйым салынады. Қазір ауылдық округ әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орынды дайындап, заңдастырып жатыр. Барлық құжатты тиісті мекемелерде тіркегеннен кейін ол іске қосылады, — дейді Бескөл ауылдық округі әкімі Гүлсім Кәрімова.
СҚО-да бензин талонмен сатылып жатыр

