Петропавлда алаяқтық мәселесіне қатысты семинар өтті
Петропавлда қаржылық алаяқтық мәселесіне арналған әр сала мамандарының қатысуымен семинар өтті. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге зейнеткерлер мен «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары жиналып, алаяқтық белгілерін анықтау және қорғану жолдарымен танысты.

СҚО полиция департаменті киберпол басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, қазіргі таңда «фишинг», «вишинг» және «смишинг» кең таралған алаяқтық тәсілдерге жатады. Алаяқтар жалған сілтемелер таратып, банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде қоңырау шалады, құпия ақпаратты алдап алуға тырысады. Мәселен жақында Петропавлдың 63 жастағы тұрғыны «Ұлттық банк қызметкерінің» нұсқауымен мобильді қосымша орнатып, 740 мың теңгесінен айырылды.
— Алаяқтар көбіне кешке хабарласып, тез шешім қабылдауға итермелейді. Алайда, банк не полиция қызметкері ешқашан сізден SMS-код, CVV-код немесе белгісіз қосымшаларды жүктеуді сұрамайды, – дейді Милена Балацкая.
Полиция деректеріне сүйенсек, соңғы уақытта алаяқтар коммуналдық мекемелер, «Қазпошта» немесе арнайы органдар атынан қоңырау шалатын болған. Сондай-ақ, 1414-тен келген SMS-код арқылы «қызметті растау», жалған ұтыс не мемлекеттік жәрдемақы жайлы хабарламалар арқылы зиянды сілтемелерді жіберетін болған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Виктория Алпеева 2021 жылдан бастап елімізде 99 қаржылық пирамида таратылып, 86 мың адамның зардап шеккенін айтты. Осы жылдар аралығында келген шығын 37 млрд теңгеден асқан.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдері басқармасының басшысы Дина Тілеубаеваның айтуынша, алаяқтар deepfake технологиясының көмегімен адамның бейнесін қолдан жасап, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, оның атына несие рәсімдей алады. Бұл қауіптің алдын алу үшін онлайн-қарыздар биометриялық растаусыз берілмейді және Ұлттық банк жанынан антифрод-орталық құрылды.
СҚО-ға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері келді

