Петропавлда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Қараша айы басталысымен ауа райы құбылып, коммуналдық қызметтегілердің жұмысы артты. Бұған себеп қар аралас жаңбыр болды.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 6-на қараған түні қала көшелеріне механикалық бригадалар шықты. Кей аумақтарда көлік қозғалысы шектеліп, коммуналдық қызметтер ақұлпадан тазарту жұмыстарына көшті. Бұған қоса, жаяу жүргіншілер жолдарына құм-тұз қоспасы төселді.
— Қала жолдарының ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Қыс мезгілінде жүйелі жұмыс жүргізу үшін Петропавл сегіз секторға бөлінген, — дейді баспасөз қызметі.
Қысқа дайындық аясында бес мың текше метр құм-тұз қоспасы мен 250 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды. Қоспа ең алдымен жол қиылыстарына, жаяу жүргіншілер жолына, аялдамалар мен басқа да қауіпті учаскелерге себіледі.

