Энергетика вице-министрі петропавлдықтармен кездесті
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Елордалық мейман Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ол энергетика саласында атқарылып жатқан шаралар, жылыту маусымының өту барысы және энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жайында баяндады.

ҚР Энергетика министрлігінің ақпаратынша, алдағы бес жыл ішінде өңірде 7 мың шақырым электр желісін жаңарту және 66 шақырым жылу жүйесін қайта салу көзделіп отыр. Ал бүгіндері облыста 400 шақырымнан астам электр желісі жөнделіп, 43 қосалқы станса мен трансформатор жаңартылды. Жылумен қамту саласында төрт жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар 7 шақырымнан астам жылу желісі қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. Вице-министр өңірдің газдандыру мәселесіне де тоқталды. Қазір екі нұсқа қарастырылып жатыр. Соның бірі – облысқа жеке газ құбырын тарту жобасы.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту, жылыту маусымының өтуі және жанар-жағармаймен қамту мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Тұрғындар көтерген негізгі мәселенің бірі – сұйытылған газ тапшылығы болды.
— Қазіргі таңда газдың тапшылығы бүкіл елде сезілуде. Қазақстанда көгілдір отын шектеулі мөлшерде ғана өндіріледі. Ол алдымен әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінеді. Сіздер сияқты кәсіпкерлер квота бойынша алады. Жетпеген жағдайда коммерциялық бағамен сатылады. Ол түсінікті жайт. Өзекті мәселені шешу үшін елімізде газ өңдеу зауыттарын салу жұмыстары басталды. Болашақта тапшылық болмайды деп сенеміз, — деді вице-министр.
Сұңғат Есімханов барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер министрлік пен тиісті ұйымдардың қарауына алынды.

