Пациентке бірден екі ота жасалды
Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында 69 жастағы әйелге бір күнде екі ота жасалды. Пациентке МӘМС аясында көмек көрсетіліп, қазіргі жағдайы – қанағаттанарлық.
Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, пациент Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан жеткізілді. Зейнет жасындағы әйел оң қолын көтере алмауына және тізесінің ауырсынуына шағымданған.

– Ауруханаға жүгінбес бұрын пациентті көлік соғып кеткен. Сол уақытта аудан тұрғыны дәрігердің көмегінен бас тартқан. Жол-көлік оқиғасынан соң алған жарақаттары сезіле бастады. Сондықтан ол ем-дом үшін емдеу мекемесіне барды. Белгілі болғандай, иық сүйегі, үлкен жіліншік буыны, жіліншек шыбығының басы сынған, — дейді көпбейінді қалалық аурухананың мамандары.
Ауданнан облыс орталығына жеткізілген пациент егжей-тегжейлі тексеріліп, жоспарлы түрде ота жасаудың күні белгіленді. Травматолог-хирургтар екі сағаттың ішінде екі сәтті операция жасады. Кейін аяғына гипс қойылды.

