Жарияланған күні: 20.11.2025
МӘМС пайдасы: Аудан тұрғыны қалаға келіп емделді
Жаұында ғана Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Булаев қаласының 76 жастағы Виталий Королев шұғыл түрде облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізілді. Пациенттің жүрегіне ота жасалып, бірнеше күн бойы ол қарқынды терапия бөлімшесінде ем-дом қабылдады. Кейін қайта оңалту курстарына жіберіліп, МӘМС аясында қажетті көмек алды.

— Жүрегім ауырып, аудандық ауруханаға жүгіндім. Дәрігерлер қажетті медициналық сараптамалар өткізіп, мені қалаға жіберу қажеттігін алға тартты. Жедел түрде кардиологиялық орталыққа жатқызып, жүрекке ота жасады. Мемлекет қаражаты есебінен операция жасалса, кейін МӘМС аясында ем-дом қабылдай бастадым, — дейді Виталий Королев.
Дәрігерлердің айтуынша, пациенттің жүрегіне стенд қойылып, қазіргі жағдайы жақсы. Жақын арада Виталий Королев үйге жіберіледі.
– Виталий Королев реанимациядан кейін оңалту курстарына жіберілді. Біздің бөлімшеде ол қажетті ем-дом алып жатыр. Массаж, физиопроцедуралар мен денені шынықтыруға арналған қондырғыларды пайдаланып, денсаулығы жақсартуда. Кардиологиялық орталықта ол оңалту шараларының 2-ші кезеңінен өтіп жатыр. Үшінші кезеңді өзі тіркелген емханасында өте алады. Барлық емдеу шаралары МӘМС аясында жүргізіледі, — дейді кардиолог Нұрлыбек Әбішев.
МӘМС-тің тиімділігін қала тұрғындары ғана емес, ауылдық азаматтар да сезіне алады. Оларға жоғары технологиялық оталар да Қазақстанның кез келген аймағында жасатуға болады.

