Петропавлдағы өнеркәсіп саласында өсім бар
Облыстық орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жолы журналистер алдында қала әкімі Серік Мұхамедиев есеп берді. Шаһар басшысы Петропавлдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Қала әкімінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылы облыс орталығында әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта қалалық бюджет көлемі 94,3 млрд теңгені құрайды, оның 65,7 млрд теңгесі бекітілген.
— 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 482,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,1% -ға артық болып отыр. Негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі — 406,4 млрд теңге. Негізгі капиталға инвестициялар 158,7 млрд теңгеге жетті, өсім 5,5% -ды құрады, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ биыл 106,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4% -ға артық. Бұл нәтижелер қала дамуының тұрақты оң серпінін растайды және әлеуметтік-экономикалық бастамаларды одан әрі іске асыруға негіз болады.

