Петропавлда инвесторлар қаражаты есебінен өнеркәсіп дамып жатыр
Петропавлда биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 158,7 млрд теңгеге жетті. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің брифингте айтуынша, бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – жеке инвестициялар. Олардың көлемі 124,0 млрд теңгені құрап, жалпы соманың 78,1%-ын қамтиды. Бюджеттік инвестициялар 34,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды QZ NEWS.
— Бүгінгі күні АЭА-да 22 қатысушы тіркелген. Жалпы инвестиция көлемі 300 млрд теңгеден асады, шамамен 4 000 тұрақты жұмыс орны құрылады. 22,4 млрд теңгеге 5 жоба іске қосылып, табысты жұмыс істеп тұр. Олар 1 032 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, – деді Петропавл әкімі.
Екінші жоба – Германияның CLAAS трансұлттық компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру кәсіпорны. Өндіріс орны жылына 600-ден астам техника шығаруға қауқарлы, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Үшінші жоба – жылына 170 техника шығару қуаты бар «Казтехмаш» машина жасау зауыты. 70 жұмыс орны құрылды, жобаның инвестиция көлемі – 3 млрд теңге. Төртінші жоба – немістің Reimann бренді. Тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіру өндірісі іске қосылды. Инвестиция көлемі – 1,4 млрд теңге, 52 жұмыс орны ашылды. Жылдық қуаты – 150 техника. Бесінші жоба – түрік компаниясы «Nord Panels». Жоба фанера және ДСП өндірісіне бағытталған. Жылдық қуаты – 50 000 м³ өнім, 350 тұрақты жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі – 8 млрд теңге. Фанера және ДСП өндірісі құрылыс пен жиһаз салаларын сапалы материалдармен қамтамасыз етіп, өнімді ТМД және Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың басынан бері зауыт шамамен 14 мың м³ өнім немесе 157 вагондық партияны ЕО және Америка елдеріне экспорттады.

Өндірістік әлеуетті айтарлықтай арттырып жатқан тағы бір кәсіпорын – бұрынғы «ЗИКСТО», қазіргі «RWS Wagon» вагон жасау зауыты. 12 000 шаршы метр жаңа корпус салынды. Бұл 300 жаңа жұмыс орнын ашуға және өндірістік қуатты жылына 3 000 вагонға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

