Петропавлда жаңа спорт кешені қолданысқа берілді
Петропавлдағы «Жас өркен» шағынауданында жаңа спорттық кешен халық игілігіне тапсырылды. Жергілікті мөлтектің тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, қысқы және жазғы спорт түрлерімен айналыса алмақ.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріп отырғаны мәлім. Бұл ретте, өңірде тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және дене шынықтырумен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заманауи спорттық нысандар кезең-кезеңімен салынып жатыр. «Жас өркен» шағынауданындағы жаңа мұз сарайы соның бірі деуге болады.

Жаңа нысанда канадалық стандарттарға сай жабдықталған хоккей алаңы, бес жолақты 25 метрлік бассейн, командалық спорт түрлеріне арналған әмбебап ойын залы орналасқан. Спорттық ғимарат бұқаралық спортты одан әрі дамытуға елеулі серпін беріп, спортпен айналысатын тұрғындардың санын арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары облыстағы спорттық инфрақұрылым айтарлықтай нығайды. Өңірде тұрғындардың барлық жас санатына арналған екі мыңнан астам спорт нысаны: стадиондар, бассейндер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мини-футбол алаңдары және басқа да спорттық орындар жұмыс істейді.

