2 жылдың ішінде СҚО-да 2 мың шақырым жол жөнделді
Солтүстік Қазақстан облысы жол сапасына және өңірдің көлік байланысына ерекше мән беріп отыр. Бұл туралы ОКҚ брифингінде өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады.Облыстағы автожолдардың ұзындығы 8,4 мың км, бұл көрсеткіш бойынша өңір елде екінші орында.
Биыл 1,1 мың км-ден астам жол жөнделді: оның 467 км – республикалық, 540 км – жергілікті, 100 км – елді мекенішілік жолдар. Ауқымды реконструкция Петропавл – Жезқазған және Мамлютка – Қостанай бағыттарындағы республикалық жолдарға жүргізілді, бұл учаскелерге соңғы он жылда бірінші рет жөндеу жасалды. Нәтижесінде тұрғындар мен бизнес үшін жыл бойы үздіксіз қатынау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Қалалар мен ауылдарға ерекше назар аударылуда. 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшелер толық асфальтталмақ. Соңғы үш жылда Петропавл қаласының 63 көшесіне алғаш рет асфальт төселді. Биыл шекаралық аудандарды қоса алғанда, бұрын-соңды асфальт болмаған 51 елді мекенде жол жөндеу жүргізілді.
Жыл қорытындысы бойынша жергілікті желідегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ға, республикалық желі бойынша 88%-ға жеткізілді.

