«Серпін» бағдарламасының екінші демі
«Serpin Way» автобусы жолға шықты. Сапар 23 күнге шақталмақ. Автобустағы арнайы топ түрлі елді мекен тұрғындарына университеттің мүмкіндіктері, білім беру бағдарламалары, жатақхана жағдайы мен болашағы туралы ақпарат бермек.

Команда бес мың шақырымнан астам жолды жүріп өтпек. Оның құрамында 24 адам бар: студенттер, мансап орталығының өкілдері және оқытушылар. Биылғы жылы жоба ауқымы кеңейіп, бағытқа Жетісу және Алматы облыстары, Балқаш қаласы, сондай-ақ Ақтөбе облысының екі ауданы енгізілді.
Жобаның мақсаты-болашақ талапкерлердің назарын аударып, университеттің мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстыру. Атап айтқанда, қос дипломды білім беру, түрлі оқу бағдарламалары, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы кеңінен насихатталады. Бұл формат алғаш рет өткен жылы жүзеге асырылған болатын. Арнайы автобус 30-ға жуық елді мекенді қамтып, сапар шамамен 18 күнге созылған. Нәтижесінде талапкерлер саны 28 пайызға артқан.
Kozybayev University-де «Серпін» бағдарламасы бойынша 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алып жатыр. Бұл бағдарлама жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған.

