Петропавлда өтпе жолына қарастырылған 2 млрд теңгені жымқырғандар анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.

Белгілі болғандай, 2023 жылдың тамызында Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.
Мердігер ұйым келісімшарт талаптарын орындау барысында жұмыс кестесінен жүйелі түрде кешігіп отырған. Тергеу деректеріне сәйкес, компания директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәлімет жазылған актілерді рәсімдеуді ұйымдастырған.
Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның есепшотына бюджет қаражаты заңсыз аударылған. Салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келген. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

