Петропавлдың демалыс саябағы жазғы маусымға дайындалуда
Петропавлдағы демалыс саябақтары жазғы маусымға дайындықты бастады. Қазіргі уақытта мамандар әткеншектердің техникалық жай-күйі мен қауіпсіздік деңгейін тексеруге кірісті.
Саябақтағы техникалық бақылау жұмыстарын жүргізу үшін Астанадан «КРАН ЭКСПЕРТ ГРУПП» компаниясының бас сарапшысы арнайы шақыртылды. Ол жергілікті мамандармен бірлесіп, металл конструкциялардың беріктігін, іргетас бекіткіштерін және электр жабдықтарының жұмысын тексеруде.
Биыл қауіпсіздік шараларынан бөлек, саябақтардың инфрақұрылымын жақсартуға да көңіл бөлінген. Демалыс орындарында балаларға арналған жаңа нысандар орнатылып, кешкі уақытта серуендеушілер үшін жарықтандыру жүйесі жаңартылып жатыр. Жалпы қала бойынша 50-ге жуық аттракцион техникалық бақылаудан өтеді.

