СҚО-да сотталғандар ұлттық қолөнерді игеруде
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды еңбекпен қамту және әлеуметтік бейімдеу мақсатында ұлттық қолөнерді дамытуға ерекше назар аударылуда. Осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – №48 мекемеде жүзеге асырылып жатқан қызмет.
Мұнда сотталғандар ат әбзелдерін жасаумен айналысады. Оларды бұл кәсіпке кәсіпкер Владимир Осипов үйреткен. Ол бұл салада 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді және 2021 жылдан бастап сотталғандарды жұмысқа тартуда. Бүгінде оның өндірісінде 11 адам жұмыспен қамтылған. Барлық өндірістік процестерді толық меңгеру үшін кәсіпкер арнайы мамандарды шақырып, олар сотталғандарды тігін және материалдармен жұмыс істеу қырларына үйреткен. Орта есеппен алғанда, бұл кәсіпті толық игеру үшін шамамен үш ай уақыт қажет.
Сотталғандар ат әбзелдерінің кең түрін дайындайды: ер-тоқым, жүген, ноқта, тізгін, үзеңгі, қамшы, шпорлар және басқа да жабдықтар. Сонымен қатар белдік, қарғыбау секілді қосымша бұйымдар да өндіріледі. Бұл жұмыс үлкен ұқыптылықты, мұқияттылықты және төзімділікті талап етеді. Мәселен, бір белдікті дайындауға жарты күнге жуық уақыт кетсе, бір күнде күрделілігіне қарай алтыға дейін жүген жасауға болады. Сондай-ақ бұл өндірісте еңбек етіп жүрген сотталғандардың бірінің жеке тарихы ерекше назар аударады. Ол бала кезінен халық шығармашылығына қызығып, ағаш пен сүйекке ою ойып, сурет салумен айналысқан.
Өзінің айтуынша, бала кезінде қамшы өретін атасын жиі бақылағанымен, ол кезде бұл өнерді меңгере алмаған. Сотталғанға дейін әртүрлі салада — тас қалаушы, ағаш шебері және дәнекерлеуші болып жұмыс істеген.
Владимир Осиповтың өндірісіне жұмысқа орналасқаннан кейін тері мен киізден бұйым тігуді үйреніп, ал 2025 жылы тәлімгердің көмегімен қамшы өруді толық меңгерген. Сотталғанның айтуынша, бұл жұмыс ол үшін тек табыс көзі немесе уақыт өткізу емес, сонымен қатар сапалы бұйымдар жасап, халыққа пайда келтіру және ұлттық дәстүрлерді сақтау мүмкіндігі болып табылады.
Дайын өнімдер тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде және шетелде де сұранысқа ие. Сонымен қатар өңір мекемелерінде ағаш өңдеу бағыты да белсенді дамуда. Сотталғандар ұлттық нақыштағы бұйымдар — оюланған сандықтар, астау, үстелдер және басқа да тұрмыстық заттарды жасап, оларды қазақы ою-өрнектермен безендіруде. Мұндай жұмыстар тек техникалық дағдыларды ғана емес, шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді.
Ұлттық қолөнерді дамыту сотталғандардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға, тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Ал алған білім мен тәжірибе бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуға немесе жеке кәсіп ашуға негіз бола алады. Жалпы №48 мекемеде шамамен 650 сотталған жазасын өтеуде, оның 415-і жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында алты жеке кәсіпкер қызмет атқарып, сотталғандарды еңбекке тартып отыр.

