СҚО-да төртаяқтылардан зардап шеккендер саны 400-ге жуықтады
СҚО-да ит қапқан, мысық тырнаған фактілер жиіледі. Жыл басынан бері мұндай 385 дерек тіркелді. Өткен жылы осы уақытта 231 адам дәрігер көмегіне жүгінген.

СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылауы департаментінің мәліметінше, мұндай фактілер облыстың барлық аудандарында байқалады. Жануарлар қауып, тістеген адамдар саны өңір бойынша көбейген. Олардың ішінде 214 адамды, яғни зардап шеккендердің 55% ит қапқан. 39 адамды мысық талаған, ал қалғандары кеміргіштерден – егеуқұйрық, тышқан, тиіннен зиян көрген. Зардап шеккендердің барлығына құтырмаға қарсы екпе қойылды.
— Егер адамды өзіне тиесілі немесе белгілі жануар тістесе, ол міндетті түрде ветеринарлық бақылауға алынады. 10 күн ішінде құтырма белгілері байқалмаса, ветеринар тиісті анықтама беріп, екпе курсы тоқтатылады. Мұндай жағдайда адамға тек үш екпе жасалады: алғашқы күні және 3–7 күндері. Ал жануар күмәнді немесе белгісіз болса, вакцинация толық курс бойынша — 14 және 30-шы күндері де жалғасады, — дейді департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

