СҚО-да 3 жылда 1,6 мың шақырым жол жөнделді
Облыс әкімдігінің отырысында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және жол саласының жағдайы қаралды.
Есепті кезең қорытындысы бойынша өңір жоғары өсім қарқынын көрсетуде. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 125%-ды құрады. Экономикалық өсімге негізгі үлесті келесі салалар қосты: өнеркәсіп — 36,8% өсім өңдеу секторы — 39,8% сауда — 20,8% көлік — 17,4%
Жиында облыс әкімі бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Басым міндеттердің қатарында инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру және іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттыру бар.
Жол саласына ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға 132,2 млрд теңге бағытталып, 1,6 мың км жол жөнделді.
Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен көше-жол желісінің шамамен 300 шақырымын жөндеудің барлық түрімен қамту жоспарланып отыр. Өңір басшысы мердігер ұйымдарға бақылауды күшейтіп, барлық жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ отырыс барысында өрт қаупі кезеңі жеке қаралды. Салалық ведомстволардың жауапкершілігі, алдын алу шараларын уақытылы жүргізу және ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету қажеттігі атап өтілді.

