Бүгін марқұм Қазақстанның Еңбек ері Геннадий Зенченконың туған күні
Геннадий Зенченко 4 мамыр күні, яғни бүгін көзі тірі болса, 89 жасқа келер еді. Облысымыздың Құрметті азаматын еске алу мақсатында туған ауылында еске алу шарасы өтті.
Новоникольское ауылында көрнекті аграрийдің рухына арналған еске алу іс-шарасы өтті. Облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен аппарат басшысы Руслан Алишев қатысты.

Бүгінде Геннадий Ивановичтің ісін оның ұлы — Геннадий Геннадьевич Зенченко жалғастырып келеді. Кәсіпорын тек өндірістік әлеуетін сақтап қана қоймай, негізін қалаушы айқындаған басты қағидат — ауыл тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де берік ұстанып отыр. Новоникольское бүгінде заманауи, қарқынды дамып келе жатқан ауылдың жарқын үлгісі саналады.
Геннадий Зенченконың өмірден өткеніне он жылға жуық уақыт болса да, оның есімі, еңбексүйгіштігі, даналығы мен Отанға деген адалдығы жерлестерінің жүрегінде сақталып келеді. Оның агроөнеркәсіптік кешен мен ел экономикасының дамуына қосқан үлесі зор.

