Петропавлда 3 бала терезеден құлады
Петропавлда абайсызда терезеден құлап кеткен балалардың саны — 3. Өкінішке қарай, бұл статистика төмендемей келеді. Барлық деректер сәуір айында тіркелді.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, соңғы факт сәуірдің 25-сі күні орын алды. Петропавлдағы саяжай учаскелерінің бірінде 11 жастағы қыз үш қабатты үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап түсті. Қуанышқа орай, бала тірі. Десе де түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті полиция, білім беру ұйымдары және еріктілермен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Мектептер мен балабақшаларда, ата-аналар жиналыстарында тұрмыстық қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, көпқабатты үйлердің аулаларында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылған.
Айта кеткен жөн, кәмелетке толмағандардың терезеден құлауына байланысты ата-аналарына қараусыз қалдырғаны үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша хаттама толтырылды.

