Жарияланған күні: 04.05.2026
Петропавлда «Үміт» спартакиадасы өтті
Петропавлда «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық «Үміт» спартакиадасы өтті. Жарысқа 300-ден астам адам қатысты.
Ауқымды спорттық шара өңірдің барлық аудандарынан және Петропавл қаласынан келген ерекше қажеттіліктері бар спортшыларды біріктіріп, ерік-жігер, табандылық және тең мүмкіндіктер мерекесіне айналды.

⠀
Спартакиаданың салтанатты ашылуы «Александр Винокуров» спорт сарайында өтіп, оған қатысушылар, жаттықтырушылар, жанкүйерлер және қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Үш күн бойы спортшылар жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, бочча, диск лақтыру, ядро итеру, пауэрлифтинг, арбамен мәнерлеп жүргізу және өзге де спорт түрлері бойынша бақ сынады.
⠀
Салтанатты ашылуда қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сәбитов сөз сөйлеп, инклюзивті спортты дамыту бүгінгі таңда «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстар тек мықтыларды анықтап қана қоймай, қоғамда тең мүмкіндіктер, өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
⠀
«Үміт» спартакиадасы жыл сайын өткізіліп, инклюзивті спортты дамытуға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар арасында белсенді және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

