Петропавлда 9 жастағы қыз терезеден құлады
Мамырдың 16-сы күні Петропавлдағы тұрғын үйдің бірінен 9 жастағы бала терезеден құлады. Белгілі болғандай, қыз екінші қабаттағы балконнан құлап түсті. Зардап шеккен қыз аутизм диагнозымен психиатрлық диспансерлік есепте тұр.
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға түскі сағат 12:00 шамасында болған. Қыз бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жедел түрде жеткізілді.
— Құлау кезінде бала есін жоғалтпаған. Оқиға орнынан оны жедел жәрдем бригадасы анасының сүйемелдеуімен ауруханаға алып келді. Баланы шұғыл түрде травматология бөліміне жатқызып, динамикалық бақылау мен толық медициналық тексеру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде деп бағаланған. Медициналық бақылау кезеңінде жағдайы нашарлаған жоқ, — дейді мамандар.
Дәрігерлердің бақылауында болған қыз есін анық біледі, түнді де тыныш өткізген. Қазіргі уақытта пациентке консервативті ем жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оған арнайы емдік-қорғаныш ортопедиялық режим тағайындалған.

