Петропавлда 19 жастағы елордалықтан есірткі тәркіленді
Облыс полицейлері Петропавл қаласына есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Тәртіп сақшылары Парковая көшесінде Астана қаласының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Ол синтетикалық есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінді.

Жеке тінту барысында күдіктіден ішінде сарғыш түсті ұнтақ тәрізді заты бар 88 орама табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша олардың жалпы салмағы 90 грамм болатын мефедрон психотроптық заты екені анықталды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл көлем шамамен 300 адамды есірткіге тәуелді етуге жетеді. Күдікті бұл заңсыз әрекетпен наурыз айынан бері айналысқанын айтқан. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 112 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 58-і есірткі өткізу фактілері болып отыр. Есірткі қылмысына қарсы күрес – «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы полиция жұмысының басым бағыттарының бірі.

