СҚО-да жасөспірім кене энцефалитін жұқтырды
— Кене шаққанда стационарға бару өте маңызды. Мамандар кенені алып, тексеріске жібереді. Осылайша қансорғышта энцефалит бар ма, жоқ па екенін анықтап, шаққан адамға уақыт оздырмай көмектесуге болады.
Кене энцефалиті вирусының инкубациялық уақыты 7 күннен бір айға дейін. Осы аралықта белгілері пайда болады, дене қызуы көтеріледі, бас ауырып, құсуы мүмкін.
Бізге түскенде баланың жағдайы орташа ауыр болды. Қазір тәуір болып келеді, — дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айлары кене белсенділігі артып, көбейетін кезі. Осы уақытта олар адамға жиі шабады.
— Кененің кей түрі энцефалит вирусын тарататыны белгілі. Мен бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп келемін. Солтүстік Қазақстан облысында, әсіресе балаларда кене энцефалиті вирусы жоқ деп келдік. Бізде негізінен кене арқылы таралатын бөртпе сүзек болатын. Бұл — риккетсиялар деп аталатын бактериялар. Аурудың қоздырғышы адамға көбінесе жұқтырған кененің шағуы арқылы беріледі.
Оның негізгі белгілеріне келер болсақ, дене қызуы 38–40°C дейін күрт көтеріледі. Денеде бөртпе пайда болады. Мұндай аурумен балалар жылда түседі, бір маусымда 15-20 баланы емдейміз. Ал биыл кене энцефалиті вирусымен түсіп жатыр, — дейді Елена Коптяева.
Маманның айтуынша, облыстық балалар ауруханасына үш апта бұрын кене шаққан қыз бала жеткізілді. СЭС-ке тапсырылған қансорғыштан қауіпті вирус анықталған. Алдын алу шараларын уақытында қолданғандықтан қыз бала ауырмай, үйіне жіберілді.

