Петропавлда Мемлекеттік рәміздер күні аталды
4 маусым – Қазақстан Республикасының рәміздері күні. Естеріңізге салсақ, егемендігіміздің нышандары осыдан тура 34 жыл бұрын қабылданды. Петропавлда мерекеге байланысты кең көлемді іс-шаралар өтуті. Оның бірі — қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды.

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде атап өтілді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына мыңнан астам Ту таратылды. Әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, рәміздеріміздің ел үшін маңызына тоқталды.
— Ту, Елтаңба және Әнұран — халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің, елдік рухы мен ұлттық құндылықтарының айқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш пен патриоттық сезімді нығайтатын қасиетті нышандар.
Бүгінде көк Туымыз әлем аренасында биікте желбіреп, Елтаңбамыз егемен еліміздің айбынын айшықтап келеді. Ал Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегіне рух пен сенім ұялатады. Осынау мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

