Петропавлда есірткі таратқан деген күдікке ілінген азамат ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 29 жастағы Астана қаласының тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол Петропавл қаласында синтетикалық есірткілерді жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан деген күдікке ілінген.
Жалдамалы пәтерде жүргізілген тінту барысында полицейлер ұнтақ тәрізді зат салынған 30 ораманы тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың 5,55 грамы «тұз» психотроптық заты, ал 29,21 грамы мефедрон екені анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Заңнамаға сәйкес, оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымнан 14 килограмнан астам есірткі затын тәркіледі. Оның шамамен 8 килограмы синтетикалық есірткілерді құрайды.

