Петропавлда шомылу орындары қарастырылған ба
Биыл Петропавлда Пестрое көлінің жағажайында суға шомылуға рұқсат етілген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары мәлім етті.
Қала әкімінің орынбасары Қалия Төренованың айтуынша, су айдындарындағы демалыс орындарын дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Петропавлда шомылуға арнайы 2 орын қарастырылған. Бірі — Есіл өзенінің жағалауы болса, екіншісі — Пестрое көлі.
Қазіргі дерекке сәйкес, 2024 жылғы су тасқынынан кейін Есіл өзенінде жағалау жиегі мен өзеннің түбі айтарлықтай өзгерді. Күшті ағыстың салдарынан жағалаудың жекелеген учаскелері мен акваторияның тереңдігі алты метрден астам едәуір шайылуы орын алды. Сондықтан әзірге бұл жерде шомылу мүмкін емес.
— Жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар басқармасының ұсынысы бойынша жағажайды шомылу үшін пайдалануды уақытша шектеу туралы шешім қабылданды. Азаматтардың қауіпсіздігі біз үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Сондықтан су нысандарын пайдалануға қатысты кез келген шешім тек салалық қызметтер мен мамандардың ұсыныстарын ескере отырып қабылданады, — деп атап өтті Қалия Төренова.
Қала тұрғындарының жазғы демалысын ұйымдастыратын негізгі орын Пёстрое көлінің аумағы болмақ. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заманауи экопарк құру бойынша ауқымды жоба іске асырылуда.
— Жағажай аймақтарын шомылу маусымына дайындау аумақты абаттандыруды ғана қамтымайды. Сонымен қатар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу. Құтқарушылардың, медициналық қызметкерлер мен қызмет көрсету қызметтерінің жұмысы ұйымдастырылды. Акватория түбін тексеру және тазалау орындалады, шомылу үшін қауіпсіз шекараны білдіретін буйлар орнатылады. Құтқару бекеттері мен қажетті жабдықтар дайындалуда, — деп хабарлады қала әкімінің орынбасары.
Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары судың сапасына және топырақтың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді.
Бактериологиялық, санитариялық-химиялық және басқа да көрсеткіштер бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынама алу жүзеге асырылады.
Мониторинг жазғы кезең бойы жалғасатын болады. Бұл кез келген өзгерістерге уақтылы ден қоюға және халық үшін қауіпсіз демалыс жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

