«Бір ауыл — бір өнім» байқауының финалистері белгілі болды
Биыл «Бір ауыл — бір өнім» жобасына 42 кәсіпкер қатысты. Олардың ішінен тек 20-сы екінші кезеңге жолдама алды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының ақпаратынша, ақтық сынға 10 үздік кәсіпкер енді. Олардың қатарында Тайынша ауданындағы жеке кәсіпкер Серік Кшукбаевтың отбасылық бизнесі де бар. Олар 2021 жылдан бері ешкі сүтінен табиғи йогурт, ірімшік және өзге де өнімдер өндірумен айналысады.
Жобаның басты мақсаты – әр өңірдің ерекшелігін танытатын, жергілікті шикізаттан өндірілетін және нарықта бәсекеге қабілетті өнімдерді дамытуды қолдау. Сонымен қатар жоба отандық тауарлардың сапасын арттырып, өңірлік брендтерді қалыптастыруға және олардың нарықтағы құнын көтеруге бағытталған.
— Финалға шыққан он жеңімпазымыз бар. Кәсіпкерлермен алдағы уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибелі технологтары мен маркетологтары жұмыс істейді. Жеңімпаздарға бизнестерін кеңейтуге, өнімдерін ірі нарықтарға шығаруға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар олар өз кәсіптерін дамытуға арналған 5 млн теңге грантқа үміткер атанды, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Бренд-комитет мүшелерінің айтуынша, қатысушылар бірнеше маңызды талап бойынша бағаланған. Ең алдымен өнім құрамындағы жергілікті шикізаттың үлесі кемінде 70% болуы қажет. Сондай-ақ қолөнер мен крафт өндірісіне, өнімнің бірегейлігіне, дизайны мен қаптамасының тартымдылығына ерекше назар аударылған.
Бұдан бөлек, кәсіпкердің тәжірибесі, тұрақты жұмысшыларының болуы және өнімді өткізудің нақты нарығы да ескерілген.
Енді жеңімпаздар СҚО атынан республикалық «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысады. Бұл кезеңде олар бренд қалыптастыру, өнімді сертификаттау, маркетингтік сүйемелдеу және ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығару бойынша кәсіби қолдауға ие болады.

