Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

СҚО әкімі Қызылжар ауданында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданына жұмыс сапарымен барып, алдымен Долматово ауылының маңында орналасқан «Ақ-Иір» көне қалашығымен танысты.

Бұл — ерте темір дәуіріне жататын еліміздегі сақ кезеңінің ең солтүстіктегі әрі аса маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірі. Мұнда ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстары өңір тарихының жаңа беттерін ашуға мүмкіндік беріп келеді. Ескерткішті зерттеуге белгілі археолог Анатолий Плешаков зор үлес қосты. Бүгінде оның жетекшілігімен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, өңірдің тарихи мұрасын зерделеуге және насихаттауға өз үлестерін қосуда.

Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруына қолайлы жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы орайда өңір басшысы 80 орынға арналған «Серебряный бор» балалар сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты. Мұнда оқушылардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ауысымына 250 адамды қабылдайтын жаңа емхананың құрылыс барысын көрді. Бұл медициналық нысан аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аудандық қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жоба елді мекендерді тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бүгін аудан орталығы – Бескөл ауылында жаңа 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Ауданның дамуына әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдері де елеулі үлес қосуда. Жергілікті «RM Stone» ЖШС қолдауымен Бескөл ауылының кіреберісінде құны 176 млн теңгені құрайтын заманауи саябақтың құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ облыс әкімі Бескөл ауылының маңында салынып жатқан орман питомнигінің жобасымен танысты. Аталған жоба өңірді сапалы көшет материалымен қамтамасыз етуге, орманды қалпына келтіру жұмыстарын ұлғайтуға және облыстың орман қорын сақтау мен молайтуға өз үлесін қосады. Сапар аясында Қызылжар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында халықты толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындардың барлық ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері бақылауға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *