Туризм саласын дамытуға басымдық берілген
Жыл сайын өңірге 165 мыңнан астам турист келеді. Демалушылардың басым бөлігі Имантау-Шалқар курорттық аймағын таңдайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылда Имантау-Шалқар курорттық аймағында 20,6 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, туристік нысандарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Алдағы уақытта жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын тағы төрт жолды жөндеу жоспарланған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі құтқару бекеті орнатылып, туристік полиция бөлімшесі құрылды.
Бүгінде өңірде туризм саласында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып жатыр. Оның аясында жыл бойы қызмет көрсететін заманауи эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салынуда. Аталған нысандарды пайдалануға беру 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Пестрое көлінің жағалауында триатлон аймағы, спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған жағажайы мен серуендеу жолақтары бар «Qyzyljar» экопаркі ашылды. Болашақта бұл нысан Петропавл қаласының басты туристік нышандарының біріне айналады. Сонымен қатар облыс орталығында құны 20 млрд теңгені құрайтын халықаралық деңгейдегі Rixos қонақүйінің құрылысы басталды. Тағы бір маңызды жоба – құны 10 млрд теңге болатын PANA UNIQUE QYZYLJAR. Жоба аясында көпес Поляковтың тарихи диірмен ғимараты қайта жаңғыртылып, оның базасында қонақүй кешені, мейрамхана және кофехана ашылады. Бұдан бөлек, «Nomad», «Волна» және «Green Park» демалыс орындарын салу мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысына келетін туристер санын жылына 280 мың адамға дейін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджет кірістерін арттыру және өңірдің еліміздің тартымды туристік бағыттарының бірі ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайту көзделіп отыр.

