СҚО-да полицейлер қаза тапқан әріптестерін еске алды
Облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ведомство ардагерлері ерлікпен қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткіш алдына қызыл гүл шоқтары қойылды. Онда қызметтік борышына адалдығымен есте қалған қызметкерлердің есімдері қашалып жазылған.

Солардың бірі — қатарындағы милиция қызметкері Ғазиз Есімов. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 жылы жапон әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысқан. Демобилизациядан кейін 1950 жылы милиция қызметіне қабылданған. Қазақстан полициясы күні қарсаңында, 21 маусымда, оның қаза тапқанына тура 75 жыл толды. 1951 жылы қалалық саябақтағы би алаңында мас күйдегі екі матрос төбелес шығарған. Ғазиз Есімов олардың бірін тоқтатса да, екіншісі оған пышақ сұғып алған. 24 жасқа толмаған жас жігіт ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.
Бүгінде СҚО ПД ғимараты жанындағы жас қызметкерлер аллеясына оның есімі берілген. Облыстық полиция ведомствосының бастығы Абай Жүсіпов қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алу жас буын тәртіп сақшылары үшін маңызды тағылымдық мәнге ие екенін атап өтті.

