Автобуста отыратын орындықтардың орнын жатын орындар басты
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолаушыларға арналған орындықтардың орнына жатын орындар орнатылған рейстік автобусты «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады.
Тәртіп сақшылары көлік құралын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтауға жол берілмейтінін және мұндай өзгерістер жолаушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Құқық бұзушылыққа жол берген жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған дерек Жезқазған — Петропавл автожолында жүргізілген тексеру кезінде тіркелді. «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы бес күн бойы өткізілді. Осы уақыт аралығында полицейлер көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың алты фактісін анықтады. Оның екеуі автобус жүргізушілеріне қатысты болды.
Сонымен қатар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін 35 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, олардың сегізі – автобус жүргізушілері.
Жалпы іс-шара барысында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 187 түрлі фактісі анықталды.
Полицейлердің айтуынша, мұндай тексерулердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тасымалдаушылардың заң талаптарын сақтауын бақылау.

